АЛЬПИНИСТЕР
Аспанында Алтайдың күн дөңгелеп,
Альпинистер барады шыңға өрмелеп.
Жалаң қия,
Жақпар тас жап-жалаңаш,
Алмағайып бередi кiмдер көмек?
Тiк шаншылған найза шың,
Құлама құз –
Шыбын таяр шыңылтыр!
Сұрамаңыз!..
Қылдырықтай арқанды саумалаған
Жүрек жұтқан жандар-ау, сiрә, нағыз?!
Жастық қуат,
Лаулаған қайрат бойда
Қылға iлiнген тағдырын ойлатпай ма?
Кәрi қойшы қасымда күңкiлдейдi:
«Ерiккендер!
Одан да қой бақпай ма?»
Шыңға шыққан жандарға құмартам да,
Тiс жармаймын,
Кәрiге кiнә артам ба?!
Альпинистер биiкке тырмысады,
Қосақталып барлығы бiр арқанға.
Табан тiрер тас тауып тақыр шыңнан,
Тарландар-ай,
Өтуде батыл сыннан.
Үрейi ұшып қарайды жоғарыға,
Төмендегi талайлар батырсынған.
Шалқайғанда бөркi ұшып басындағы,
Күңкiлдейдi қарт әлi қасымдағы:
«Шың басына шыққаннан не табады,
Тығып қойған бар ма екен асылдары?»
Болмаған соң еш пайда түсiрерлiк,
Түсiнбейдi жай затты түсiнерлiк:
Пайдасының бар-жоғын тексермей-ақ
Шыңға шық деп берiлген кiсiге ерлiк!
Мөлдiр көкте тұрғанда күн дөңгелеп
Ешбiр пенде қала алмас бiзден бөлек,
Тағдыр атты арқанға қосақталып,
Бiз шығатын бiр шың бар бiрге өрмелеп...