31.08.2022
  74


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Ұмытылам ба мен ертең...

Ұмытылам ба мен ертең,
Ұмытылудан қорқамын.
Семсердей қында көнерсем
Мұңымды кiмге артамын?
Iлуде батқан бiр кештiң
Жұтатын шығар менi өртi.
Сонан соң ғұмыр сүрмеспiн.
Төбемнен мәңгi төнер түн.
Ұмытылам ба сонда мен
Есiне менi кiм алар?
Ағар ма iздеп арнамен
Мен көзiн ашқан тұмалар?
Бiр кезде ұстап даламда,
Бостандық берген көбелек,
Есiне менi алар ма,
Қоя бердi екен неге деп?
Мен үзбей кеткен бiр тал гүл
Үзсе деп менi iздер ме?
Мен мiнбей кеткен тұлпар бiр,
Мiнсе деп менi iздер ме?
Ұмытылам ба мен ертең?..





Пікір жазу