31.08.2022
  88


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Таңғы шық

Күрсiнбешi тiршiлiктi қысқа деп,
Келешекке бiзден қалар нұсқа көп.
Өмiр-бақи өзiңдi-өзiң сомдап бақ,
Қапы қалсаң қайта соғар ұста жоқ –
Құр күрсiнбе қайран ғұмыр қысқа деп.
«Үмiтсiз жан – шайтан» дейдi қазақта.
Күйреуiктер күйе берсiн тозақта.
Аз тiрлiкте ақиқатқа тiк қарап,
Пендешiлiк, пасықтықты мазақта.
Құр күрсiнбе қайран ғұмыр қысқа деп.
Шөп түбiне шуақ түссе сыналап,
Шымшық көздi шық қарайды сығалап.
Қойшы, қалқам, саруайымға салынба
Кәусар шықпен кiрпiгiңдi шылап ап,
Құр күрсiнбе қайран ғұмыр қысқа деп.
Мөлт-мөлт етiп тұрады да азырақ,
Кебедi шық – кетедi ұшып қазiр-ақ.
Семедi шөп ажарынан ажырап,
Қайта өнедi қыс өткен соң азынап,
Күрсiнбешi қайран ғұмыр қысқа деп.
Мөлт-мөлт еткен мөлдiрлiктi көргенде –
Жер боласың жандар үшiн көр кеуде.
Таңғы шықтың тағдырымен мөлдiреп,
Ылайланбай өткен жанда арман не?..
Күрсiнбешi қайран ғұмыр қысқа деп...





Пікір жазу