31.08.2022
89
Қараша. Соқпақ
Қараша...
Қыр астында – қыс ылаңы,
Көкжиек көлбетуде құсын әлi.
Қайыңдар қоштасуға қолын созып,
Сап-сары саусақтарын ұсынады.
Күмбезден көзiн салған
Күн де ойланып,
Тұрғандай албырт шағын қимай, налып.
Шалғыны ұйпа-тұйпа бақ iшiнде,
Жол жатыр ерсiл-қарсыл шимайланып.
Соқпағын әркiм салар өз жөнiмен,
Күнi ертең шөп басарын сезгенiмен.
Көрiнер қонған бақыт қонбағандай,
Оған да көнбiс жүрек төзгенi жөн.
Жас буын өздерiнше салар соқпақ,
Тiрлiктен сыбағасын алар шақтап.
Көз нұрын,
Жүрек отын сөндiрместен
Бiр ұрпақ бiр ұрпаққа қалар сақтап.
Соныдан соқпақ салып тырбанасың,
Берер деп таңдыр түбi бiр бағасын, –
Қалды ма,
Қалмады ма келешекке,
Соңына жүрген адам бiр қарасын..