31.08.2022
  108


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Жаз өтті

Жаз өттi жас дәурендей жарқыл қағып,
Қызықтан қайран шақта тартынбадық.
Толқынға киiп-жарып қойып кеттiк,
Тұрмадық әр нәрсенiң артын бағып.
Жаз өттi көкiректi құлазытып,
Тағдырдан көп ұтылдық,
Бiраз ұтып.
Иненiң жасуынан уақыт сусып,
Ұстаудың табылмады лажы түк.
Жаз өттi –
өкiнуге үлгермедiк, –
Шоқ шайнап,
Мұз жаладық,
Күнге өрледiк.
Көкiрек суынған соң, дүниенiң
Көзге ыстық тартатынын бiлген бе едiк?!
Әр ұрпақ өз жазында сайрандамақ,
Тұнжыр бақ,
Тұрғаныңмен жайраңдап-ақ.
Басқа үйде не күтерiн қайдан бiлсiн,
Бiр үйден сыйлы аттанған қайран қонақ?!.
Жаз өттi...





Пікір жазу