31.08.2022
  71


Автор: Ұлықбек Есдәулет

НАЙЗАҒАЙДЫ КҮТУ

Қалыпты бiр шақ есiмде:
Қоңалы көлдiң қауында,
Көктемнiң күңгiрт кешiнде
Қорғалап тұрдым жауында.
Бейнесi түсiп қырлардың
Қарауытқанда көл бетi.
Қаймыға қарап тұрғанмын
Кеудемдi бiр мұң тербетiп.
Төбеме сонда түндiк боп
Қара бұлт төндi айды орай.
Ойран сап отсыз тiрлiкке
Ойнаса дедiм найзағай!
Қалыпты сол сәт жадымда
Берiппiн мұңға бекер бой.
Қайғыра бiлмес шағыңда
Мұның да мәнсiз екен ғой!





Пікір жазу