31.08.2022
  228


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ТАБИҒАТТЫҢ ЖЕЙДЕСI

Күнi кеше жайқалған өндiр емен,
Жапырағы саржағал, селдiреген.
Табиғаттың жейдесi тозып қапты
Ауыстыра аларсың ендi немен?..
Жапырақтар солады, үзiледi,
Келер көктем қайта өнiп, тiзiледi.
Күдерiңдi үздiрмей арбайтұғын
Шiркiн, неткен тiршiлiк қызық едi.
Алғаш түскен қарымен ақыраптың
Ағарады самайы атыраптың.
Бесiгiне түскен соң топырақтың
Басқа өмiрi басталар жапырақтың.
Қыстың күнi бұл баудың төңiрегi
Құстың жүнiн жұлғандай көрiнедi.
Ұлпа қарға үп етiп жел үредi,
Бұтақтан қар бұрқ етiп төгiледi...
...Қарағаштың желегi жасыл әлi,
Сар жапырақ табанға басылады.
Кей адамдар ақ шашын жұлып тастап,
Кәрiлiгiн осылай жасырады!





Пікір жазу