31.08.2022
107
ӨТКIНШI
Көктемнiң көк аспаны көз бұлады:
Төбеден төкпе бұлттың төндi лаңы.
Булыққан қолы жетпей арман-нұрға,
Дәл менше күйiндi ме, дағдарды ма,
Жай түсiп жанарынан көк жылады.
Мен тұрдым кетсем-ау деп жайға айналып,
Таңданса жарқылыма ел таңдай қағып.
Көкше бұлт көшкен шақта күн елiне,
Жасын қып сақтауменен жүрегiнде,
Менi де кетсе, шiркiн, шалғайға алып...
...Жауынмен бөртiп жатты аймақ, өңiр,
Көмiлдiм толқын-толқын ойға небiр:
Жаныңмен жай тiлдесiп, нұр тiлдесiп,
Көгiңде қара нөсер бұлтың көшiп,
Осылай өтедi ғой, қайран өмiр!..