31.08.2022
  151


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ЖЕМЕНЕЙ ӨЗЕНI

Тисе де таудың тасына басың,
Жеменей,
неге тасып ағасың?
Бiз ашулансақ басыламыз ғой,
Сен осы қашан басыла аласың?
Сұмдарға жақпас сөзiне орай,
Соққы жеп елдiң езiнен Абай
Сонау бiр жылы жол тартқан едi,
Зайсанға қарай –
Өзiңе қарай.
Наданға налып –
Сөзiн ұқпаған.
Бишiкештерден безiнiп бабам.
Атының басын Зайсанға бұрып,
Мұң шақпақ болды кезiгiп саған.
Жiбермей жылап
Жанкештi халық,
Алдынан шығып жол кестi барып,
Абайды күтiп,
Келер деп бiр күн,
Жатырсың ба әлi дөңбекшiп ағып?
Абайдың мұңын –
даламның мұңын,
Абайдың жырын –
ғаламның жырын
Мен оқып берсем қайтедi саған
Жаңғыртып тұрып жағаңды бүгiн?
Жеменейiм-ау,
Жебедей жүйрiк,
Өтсе де ғасыр кемедей құйғып,
Абаймен сенi табыстырар ем,
Қолымда болса зәредей билiк.
Сұмдармен әлi бiтпеген егес,
Ел мұңын ешкiм жүктеме демес.
Сен танымаған тыныштық, тыным
Маған да бүгiн түк керек емес!





Пікір жазу