31.08.2022
  79


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ҚҰМ. ШӨПШIЛЕР

Қомша құмдар қойнауы тұр
әлi ысып,
Мәжнүн талдар мүлгiп қапты майысып.
Екi шөпшi шағын мая түбiнде
Маңдайлары жiпсiп отыр шәй iшiп.
Күйiп тұр-ау,
Жанып тұр-ау мына күн,
Дүзгендерiн бүркенедi құба құм.
Шөмеледе шыбындайды шалқұйрық
Шала-шарпы шалып құмның құрағын.
Шайға қанған көңiлi жай, хош кiсiң –
Шал мақтады шөме тартқан бестiсiн:
«Шаруаның дөңгеленер түрi бар,
Жоңышқаға қоямын деп кешкiсiн...»
Мизам қалып,
Лүп еткен леп сезiлмей,
Күн күйiп тұр,
Болмас ендi көз iлмей.
Шырт түкiрiп шалқайған шал мызғыды,
Шекесiнен шiркей шақса сезiнбей.
Шақырайып шағып-ақ тұр шыны күн,
Шөпшi бала шешiп тастап шұлығын,
«Атам, шiркiн, оянбаса екен», – деп,
Ұрлап тартып отыр шалдың шылымын.
«Атам, шiркiн, оянбаса екен», – деп,
Отырды да темекiсiн лекерлеп,
Атып тұрып шал жүрегiн тыңдады
Көңiлiн бiр қорқынышты ой мекендеп!..
...Шөпшiлердi кейiпкер қып, толғана
Құм суретiн сызбақ едiм, болмады, ә?
Атама ұқсап кеттi-ау сонау шаруа шал,
Өзiме ұқсап кеттi-ау бұзық сол бала!





Пікір жазу