31.08.2022
155
АУЫЛҒА ХАТ
Сейiлхан Райымхановқа
Ауылда биыл қар қалың ба, аға,
Тағаладың ба тарланыңды, аға?
Тазымен құмның қолтығын тiнтiп
Шидарық жақты шарладың ба, аға?
Жеңгейге сенiп мал-жаныңды, аға,
Қансонарда аңға бармадың ба, аға?
Адам мен аңның арасын тағы
Қорғасын оқпен жалғадың ба, аға?
Ауылдың жинап шалдарын ғана,
Бiр-бiрден түлкi байладың ба, аға?
Түлкiден тымақ киетiн қарттар
Азайып қалғанын ойладың ба, аға?
«Ауылдан кетсең – болмадың, бала...» –
деушi едiң, жолым оңғарылды, аға.
Көрерсiң ертең маңдайға бiткен
Үлкен бiр ақын болғанымды, аға.
Бiлер ме ем барып халдеріңді, аға,
Алар ма ем, шiркiн, қолдарыңды, аға.
Қалада – тәнiм, ауылда – жаным,
Жүрегiм, жырым, арманым – дала.