31.08.2022
100
ТҮНГI САЗДАР
Тыңдап жатып шегiрткенiң шырылын,
Сәл мызғышы, көздiң алып шырымын.
Оянғанда өз кеудеңнен сезесiң,
Кәусар бұлақ кеудесiнiң дiрiлiн.
Жыршы құстар әнге бөлеп түн iшiн,
Қандырады құлағыңның құрышын.
Бұлтты серпiп Ай да тыңдар бұл әндi
Құзар шыңға сүйеп қойып қылышын.
Көк шалғынды жатқан кезде астыңа ап,
Құлағыңа сыбырлайды жас құрақ.
– Ұйықта, ұйықта, ұйықта... – дейдi сыңғырлап
Құлын үндi, құс ұйқылы тас бұлақ.
Дала саған сәбиiңдей еркелер,
Анаң боп та бесiгiңе еңкейер.
Шырт түкiрiп шалқақтама, шырағым,
Онда сенен туған жер де жеркенер.