31.08.2022
  99


Автор: Ұлықбек Есдәулет

КҮЗГI БОЯУЛАР

I
Боз қырау күзде бөз-орман
Базары тарқап бозарған.
Бұл шақта аспан атынан
Бұлағай бұлттар сөз алған.
Тоңазиды әлем тоңмайдай
Қабағында бiр тоң бардай.
Жас талдар жалқау сiлкiнер
Жауында қалған торғайдай.
Көкайыл бұлттар күркiрер,
Кеудесi қайнап күрсiнер,
Көңiлiнiң құртын қозғаса
Қытықтап өтiп түлкi – жел.
Еңсерiп бұлттың легiн,
Еркелер ме екен күле күн.
Емiренер ме екен маған ол,
Жадырар ма екен жүрегiм!..
II
Қаланың күзi,
Таңғы уақ,
Тымырсық тұман тарады.
Жалаңаш қалған жарлы бақ
Қараған көзге қаралы.
Пошымын бақтың парықтап
Қалар кiм жүзi сұрланбай?!
Қайыңдар шашын жайып сап,
Жапырағын жоқтап тұрғандай.
Зер салсаң, еңсең езiлiп,
Зауықтан болар ада бой.
Сүреңсiз мезгiл мезi қып,
Жабырқау тартар жадау ой.
Өртенiп өзек ашиды-ай,
Жуады жасың бетiңдi...
Күзгi жапырақ жасындай
Ғұмырың қалған секiлдi...





Пікір жазу