31.08.2022
  79


Автор: Ұлықбек Есдәулет

КҮРКIРЕМЕ ӨЗЕНI

Күн:
– Күркiреме өзенi,
Күркiреп те ағасың,
Сарқырап та ағасың.
Қазақтың жас баласын
Қайда ағызып барасың?
Қойнауынан Алтайдың
Қайнап шыққан қара су.
Жас баланы жұтқанмен,
Қандай тойым табасың?
Жылап қалды жан ана,
Ғұмыр сыйла балаңа.
Шырылдатпай сәбидi,
Шығар, шығар жағаңа!
Өзен:
– Шешесi оның шерменде,
Су алуға келгенде,
Жақпар-жақпар жырадан,
Жас баласы құлаған.
Құшағыма бөлендi,
Менiң балам ол ендi.
Оның ыстық денесi
Жылытады денемдi.
Менiң асау толқыным –
Оның мәңгi бесiгi.
Жас сәбиге тағдырдың
Осы болды кесiмi.
Ұлыма ендi ашылар,
Ұлы мұхит есiгi!..
...Долданады долы өзен,
Жұрттан суын қызғанып.
Жағасында жақпар тас,
Мелшиедi сызданып.
Аласұрған толқында,
Бiр батып та, бiр шығып,
Ағып кетiп барады,
Қайран құйттай тiршiлiк.
Көзiн сүртiп сұр бұлтпен,
Күн тығылды тасаңа.
Шырқырайды жағада,
Жанұшырған жас ана.
Дүлей толқын сәбиiн
Алып қашып барады.
Жас дененi аймалап
Мауық басып барады...





Пікір жазу