31.08.2022
  93


Автор: Ұлықбек Есдәулет

АЛТАЙ АЯЗЫ

Қызыл Ай қызыл көрiгiн басқанда
Қақтаған қаңылтырдай шың қызарады.
Отты жыландай зуылдап аспанда,
Құйрықты жұлдыз ағады.
Түн қара сәлделi Құдадай,
Көкке жұлдыздан бал аштырады.
Қызыл шұнақ аязға шыдамай,
Найзағайдай шатырлап ағаш сынады.
Азынаған жұлдыздан да, Айдан да
Бетiңе ызғырық ызғар ұрады.
Сiресiп жатқан сiрнелi сайларда,
Күтiрлеп мұз жарылады.
Тоңған төбеттер қыңсылап, бүрiсiп,
Үйдiң есiгiн тырналап көредi.
Қойшының ұлдары сақ-сақ күлiсiп,
Ай жарығымен сырғанақ тебедi.
Қап-қара таулар қабағы бұзылып,
Қойнында құмығып қасқырлар ұлиды.
Ұлыған үнi қалтырай үзiлiп,
Бiр таудың барып астында құриды...





Пікір жазу