31.08.2022
  114


Автор: Ұлықбек Есдәулет

АДАСҚАНДА

Қара түн, тау iшiнде жортып келем,
Өкпектен құс еттендi бөртiп денем.
Жол жоқта адасқанға Ай да серiк,
Ай батып кете ме деп қорқып келем.
Желбегей жұқа лыпа қаусырынам,
Ат басын жел өтiне қарсы бұрам.
Бағдарсыз, байызы жоқ
бейбақ болдым,
Қаупiм көп, хабарым аз тау сырынан.
Төбемнен қара ала бұлт түйiп қабақ,
Дүние тұрды маған суық қарап.
Ақ жүзiн кiрбiң шалып Ай да батты,
Бүркенiп бұлт көрпесiн ұйықтамақ.
Сөгiлiп қабырғасы қара бұлттың,
Найзағай жарқылдаса алабұрттым.
Мен дағы мақтандым-ау ұлымын деп,
Тауды да табындырған дана жұрттың.
...Түн өттi, тылсым қойнау арайланды.
Көз салып кескiнiме таң ойланды.
Сыпырып қалбағайын сұсты таулар
Елжiреп туысымдай қарай қалды.





Пікір жазу