31.08.2022
  119


Автор: Ұлықбек Есдәулет

«ЖЕТIМ БАЛА» КҮЙ

Күн астында – киiз үй,
Керегесi көнерген,
Көк түтiнiн желөрген.
Сықырлауық бесiкте
Жетiм сәби жылайды.
Ана әлдиiн есiтпей
Жұбанбайтын сыңайлы.
Қаралы әке қасында
Домбырасын бұрайды,
Жетiм сәби жылайды...
Күй басталды қоңырлап,
Қам көңiлден шер ұрлап,
Шайқалғандай шаңырақ
Күй салмағын ауырлап.
Шерлi, шерлi, шерлi күй
Жан түбiнен келдi күй.
Жұбау тартқан жүректiң
Жүйесiне болды би.
Жетiмдiк те несiп пе,
Жұмыр басты пендеге?
Ұл жылайды бесiкте,
Күй жылайды пернеде.
Киiз үйге күй сыймай
Кең жақанға ұмтылды-ай.
Күйiк буған күйшiнiң
Мұнша әуезден жүрегi
Жүрген қалай жыртылмай?!
Жармасады-ау мұң-нала
Осындай да тұлғаға!
Жетiм сәби жұбанды,
Жұбанбады күй ғана...
Жыл қанаты желдеттi,
Жетiм өстi, ержеттi.
Шерлi күйдiң шандозы
Шаттық күйiн өрлеттi.
Құлағыма сол жеттi,
Жүрегiме сол жеттi,
«Күй қазақтан туды ма,
Қазақ күйден туды ма?»
Осы ой менi тербеттi!





Пікір жазу