31.08.2022
170
IЗДЕР
Өткен – өттi, бұл шақта дала да өзге,
Жас толады ойласаң қара көзге.
Текеметтiң үстiнде ойнаушы едiк
Бауырсақтай шашылып бала кезде.
Туырлықтың түрiлген етегiнен,
Таң кiретiн самалдың жетегiмен.
Боз жусанның иiсiне елтушi едiк
Бейхабар боп көктемнiң өтерiнен.
Кетер ме естен өрiмдей өндiр шақтар,
Көрпе астында жандық бiз – мөлдiр шоқтар.
Қайталанбас тәттi бiр түс секiлдi
Тәттi-тәттi түс көрген сол бiр шақтар.
Балақ түрiп барушы ек жаз балыққа,
Қалдырушы ек қанша iз саздауытқа.
Толқын кешiп жүрсек те сезбеппiз ғой
Толқын – дәурен тұрмасын бәз қалыпта.
Өткен iздер бiр кезде алшаң жүрiп,
Таптырмайды-ау бұл күнде сарсаң қылып.
Жолымызды бiз, сiрә, тауысармыз.
Қайта өтудi сол iзбен аңсап жүрiп