31.08.2022
138

ЖАҢБЫР АЛДЫНДА
Жаумады бұлт күмбездi кезгенiмен,
Аспан тұр өзi терлеп өз демiнен.
Жанары жасаураған осы аспанды
Бiреудiң көргендеймiн көздерiнен.
Көрдiм мен кең дүниенiң солғын шағын,
Сөнiптi көкжиектен торғын сағым.
Бурыл бұлт бiрсiн-бiрсiн жер тарпиды
Тамшысы бұрқылдатып жолдың шаңын.
Жау, жаңбыр, ағыл-тегiл, астан-кестең,
Бұл да бiр бағым болсын бастан кешкен.
Менiң де нөсерлейтiн мiнезiм бар
Кеудемде найзағайлы аспан көшкен.
Аспан-ау, сен бiр жатқан ақын әлем,
Ғашықпын нөсерiңе, отыңа мен.
Селдетсең – жас кеудемде терезе бар,
Мен соны ашып тастап отырар ем!
Болады аспаннан да сыр бағуға,
Адам – бұлт, жауу үшiн тырбануда.
Селдет, бұлт!
Долы дауыл қуып кетiп,
Күнi ертең зар боларсың бiр жаууға!