31.08.2022
  126


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ТАҢҒЫ СҮРЛЕУ

Таң демiнен тоңазып желең төсiм,
Ат суардым суаттан мен ертесiн.
Жұлдыздары ерiген қуқыл аспан,
Тықпалайды көзiме көлеңкесiн.
Терiстiктен самал бар тиiп-қашқан,
Сылдырайды тұсамыс иыққа асқан.
Тiрелiптi суатқа суыртпақ жол,
Қапталында төбелер иықтасқан.
Шығыс белдеу жарқырап жез айылдай,
Құс жолы өштi ғасырдың тозаңындай.
Бояулары алмасқан дүниеге
Қарай бергiм келдi бiр көз айырмай.
Мынау, мiне – таңдағы әншi дала,
Құлақ тiгем бозторғай даусына да.
Мынау – суат, соған кеп сүңгiптi жол
Осылайша жол бiткен таусыла ма?
Жоқ, жүрекке мұң сүтiн емiзбейiн,
Жарқын жолдан үмiттi мен үзбейiн.
Суатқа кеп сiңетiн сүрлеу ғой бұл,
Таң қойнына сiңетiн жол iздейiн.





Пікір жазу