31.08.2022
  91


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Ақша қар, айлы аспанда қылаулайсың...

Ақша қар, айлы аспанда қылаулайсың,
Сен маған қайта оралған қиялдайсың.
Сен келген бiр жапырақ аспан ба едiң,
Зер салсам зеңгiр көктен бiр аумайсың.
Ақша қар, қалықтайсың аспанымда
Ән салып ақ бұлттардың астарында.
Сен менiң ең бақытты сәтiмдей боп,
Бұлдырап жоғаласың қас қағымда.
Ақша қар, өзiң үшiн құлпыру – құт,
Дамылда жер бетiнде бiр тыным қып.
Тумайсың еру үшiн,
Туасың сен,
Өмiрге беру үшiн бiр сұлулық!
Жауасың жамырай да, жалғаса да,
Ерисiң, ерiмеуге бар ма шара!
Сүйем мен, сүйем сенi, о сұлулық,
Бойыңда жылылығың болмаса да!





Пікір жазу