31.08.2022
101
ДОМБЫРА
Шанағына шаң жұқпас сал домбыра,
Осы менiң бабамнан қалған мұра.
Қалған мұра… жiгердi қамшылаған
Үнiменен әрненi ойға алдыра.
Қалды маған мұра боп:
Тау, бұлақтар,
Сырғаларын сiлкiген таңғы бақтар.
Қалды маған мұра боп:
Боз iнгендер,
Тұяғынан от ұшқан арғымақтар.
Қалды маған:
Кең дала, көк теңiздер,
Жарма жолдар, жосылған көп-көп iздер,
Бәрi-бәрi домбыра шанағында
Оны үйрендi деймiсiң текке бiздер?!
Сөйлетемiн мен оны күн құрғатпай,
Жыр жазбаймын мен оны бiр жырлатпай.
Орманына ойымның енбеймiн мен
Өз қолымда қара орман судыр қақпай.
Жанар берем мен оған жаудыратып
Ән салдырам, бiресе зар жылатып.
Шертіп өтем! Iлмеймiн керегеге
Дарға асылған адамдай салбыратып!