31.08.2022
  214


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Сағынып жүрмін сені, аға...

Бейнеңдi асыл аңсаумен iздедiм сенi, жан ағам,
Мiнезiңе ұқсап жатқан соң керiлген мынау даладан.
Зымыран ойдың тiзгiнiн тұрақтата алмай қолыма,
Iздеумен сенi зау-тасты, жарларға қайттым соғыла.
Сен болып менi шақырып көкжиектегi бар сағым,
Жете алмай сонда шаршадым, шаршаған сайын аңсадым.
Сен болып маған жымыңдап саңылаулы аспан қараған,
Сен болып көкiрегiнен қоңырау қаққан бар адам.
Сенi iздеп қара нөсерде найзағайларға қарсы ақтым,
Сенi iздеп, аға, жол қылдым арасын қосып алшақтың.
Сұңқылдап ұшып сұңқардай заңғарға бардым «ағалап»,
Тұманды қудым таулардан қанатымменен сабалап.
Қайранда қалған iзiме қалғанша қара қақ тұнып
Мен сенi ойлап жүрушi ем арманымды алға лақтырып.
Түбiнен iздеп дарияның, толқынды жүрдiм кескiлеп,
Қиясын шолып құздардың құзарда қалдым кеш түнеп.
Iздедiм сенi аңсаумен белiмдi бүкпей белеңнен,
Шатырлы аспан шатырлап тұрса да төнiп төбемнен.
Аңсадым сенi иiсiне елтiп тұрғанда гүлзардың,
Кеудемнен ескен бiр самал желпiп тұрғанда құздарды.
Бiр дүбiр шықса жырақтан кеудемдi бiр ой мекендеп,
Жүгiрдiм солай алқынған жүрегiң болар ма екен деп!
Аңсаймын сенi алау гүл толған кезде де жолыма,
Аңсаймын сенi бақытым қонған кезде де қолыма.
Сағынам сенi, жолымды тауысқанымша сағынам,
Аяқтап жырды, қабiрде қауышқанымша сағынам





Пікір жазу