31.08.2022
  123


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Үйге түспеген жеңге туралы жыр

Көргенiм жоқ мен оның түсiн өңдеп,
Күткенiммен «бақыттың құсы ма ең?» деп...
Ағам айтқан:
«Асықпай алдағы жаз,
Үйге келін, бауырым, түсiрем!» деп.
Сонда ағамның көздерi күлiмдедi,
Әнтек қана ерiнi дiрiлдедi.
Иығымнан ақырын қағып қойып:
«Солай, iнiм, жеңешең сұлу!» дедi.
Қырларыма кеттi ағам гүл қаптатып,
Сайларыма сыбызғы үн сырғақтатып.
Белдерiме
Бiр бұлақ бұлғақтатып,
Жүрегiме жарқын ой құндақтатып.
Ағам кеттi кеудеме көш өрлетiп.
Сағындырған хаттары кешеу жетiп.
Айдай сұлу жеңгемдi көрсем деумен,
Айлар өттi көп ойды нөсерлетiп.
Аңсап күткен көңiлдiң бұла бағы,
Қайран жеңге,
Құс па едiң қиядағы?
Аппақ арай ұйыған ақша жүзiң
Көрмесем де көзiме ұялады.
Орға құлап, әттең-ай, жорға аттарым,
Қара ала бұлт кеудемдi торлап қалың,
Жеңге күтiп алыстан жүргенiмде...
Айырылып ағамнан сорлап қалдым...
Қақ айырды жүректi аспан құлап,
Талқан болды кеудемде аққан бұлақ.
Жеңге жүзi көзiмде көлбеңдедi,
Оңашада опынып жатсам жылап.
Ғашық еткен ағамды от жанары,
Кiм ең, жеңге, перi ме ең бақшадағы?
Жанарымнан жүзiңдi жуа алмады
Талай жаңбыр көзiмнен ақса дағы..





Пікір жазу