31.08.2022
  107


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Баян

Серпiндi үндер серi өзендерден жарып сең,
Көмiлушi едi, көк сағымдарға жазық бел.
Көгiлдiр аспан сыпырып бұлтын тастайтын
Баянын Бақыт тартқанда шалқар шабытпен.
Көкжиектерден кеткенше тарап шұғыла,
Клавиштерге қараушы едiм қызыға.
Күйлермен кербез қосыла сонда мың арман
Көкiрегiмнен кететiн ұшып сызыла.
Бозамықтанған бұлт басты таудан жел тұрып,
Бұрқырап бұл сел басатын үйдi толтырып.
Бүлдiрген бөктер шыңға ағам сонда ұқсайтын
Босағасынан бұлақтар аққан жөңкiлiп.
Сұңғыла саусақ секiре ойнап, сызылтып,
Жарлардан жақпар жатушы едi жыр ыршып,
Баяныменен отырғанда ағам от болып,
Қам көңiлдерден кететiн барлық күз үркiп.
Жанарларынан жарқылдай түсiп сан қылыш,
Қомданысынан байқалушы едi жалын күш.
Күйлердiң топан қапталын басып тұратын
Шаттыққа толы ертеңге деген сағыныш.
Сол күйлер ендi желпiмес таңғы самалдай
Самала бұлақ тұр ендi заулап аға алмай.
…Тұр қазiр баян Бақытты iздеп жаутаңдап
Дүниеден басқа сиқырлы саусақ таба алмай!…





Пікір жазу