31.08.2022
  104


Автор: Ұлықбек Есдәулет

СУРЕТ

Жұлқылайды жапырақты жел ерке,
Қоңыр мақпал жамылады кең өлке.
Алтын самай қайыңдарды қалғы деп
Етегiнен тартқылайды көлеңке.
Ай да туды айшығындай пүлiштiң,
Күмбез көкте көзiн ашты мың ұшқын.
Көкжиектi қимай сiңiп барады
Көк шыңдарға кiрпiк тiреп күмiс күн.
Бүкiл дала тыныштыққа бөлендi,
Кешкi нұрлар майдай ерiп жөнелдi.
Аспандайын дәптерiне түн – ақын
Жұлдыздармен жазып жатыр өлеңдi.





Пікір жазу