31.08.2022
  81


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Күн

Күн,
Саған,
Мұң шағам:
Тіршілік– тым сараң.
Кеш түсе жауығар
Неліктен мұнша адам?
Күн,
Саған,
Мұң шағам:
Ой – жүйрік, тіл – шабан.
Дүние – мәні жоқ,
Дәні жоқ құр сабан.
Күн,
Саған,
Мұң шағам:
Пенделік құрсаған.
Қанатын қаға алмас
Тумыстан тұмса жан.
Күн,
Саған,
Мұң шағам,
Жыр жазам, күй шалам.
Байлығым – Көлеңкем,
Бас-көз боп жүрші оған!





Пікір жазу