31.08.2022
  95


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Ақжайық аруы

Көз қандай,
Келбет қандай, шырай қандай,
Көркiнен күннiң өзi нұр алғандай.
Аш белi ақ қайың боп бұралғандай,
Өлеңге өзi келiп сұранғандай.
Апталған айдан аппақ мынау маңдай,
Қызықпай қарау қайда, құмарланбай.
Қылығы –
Құс аузынан гүл алғандай,
Тұнығы –
Жұлдыздарды суарғандай.
Сезiмi –
Ақжайықты бу алғандай,
Көңiлi –
Желбiретiп ту алғандай,
Тiлеймiн жан тәнiммен, күмән қалмай
Сол Жайық қалса екен деп ылайланбай...





Пікір жазу