31.08.2022
106
ҚАҢБАҚ
Сұс-ызғарын шашады,
Сұп-суық жел сумаңдап.
Қалбаң-қалбаң қашады
Құла түзде қу қаңбақ.
Қайда өнiп, қайда өстi?
Қайда қалды тамыры?
Қаңғып жүрген жарыместi
Қайтер көктiң тәңiрi?
Туған жер бар – Отан жоқ,
Байыздатпай жел айдап,
От басыңа опаң жоқ,
Тегiн бiлмес о, бейбақ.
Тiкенегi ырғаңдап,
Түйе-тайлақ жегенде,
Кiм сенедi
Қу қаңбақ
Өсiп-өндi дегенге?
Қарап тұрсаң обал-ақ,
Тамыры жоқ, тегi жоқ,
Бара жатыр домалап
Шайтандардың добы боп.
Шалғайына сүрiнiп
Шайтандар жүр шаңдақта,
Футбол ойнап жүгiрiп,
Таласады қаңбаққа.
2
Оған да ортақ көк аспан,
Оған да ортақ ай нұры.
Құла түзге жарасқан
Қу қаңбақтың тағдыры.
Ұшар жерiн жел бiлген,
Қонар жерiн сай бiлген,
Қауышуға келдiм мен,
Қаңбақ, сенiң қайғыңмен!