Сұмырай заман, сұр дала,
Саңырау сана, сұм қала.
Еңіреу, өксік көкірек,
Меңіреу, марту, мұң-нала...
Өткеннен жеткен жылнама...
Кеткеннен келген жылнама,
Ұрандап өткен ұлтымның
Рухын енді ұрлама!
Сұмырай заман, сұм қала,
Сұрқылтайыңды бұлдама.
Сарғайып қалған анамның
Сырлары сіңген сырғаға.
Сарсылып өткен бабамның
Садағы сынған жылғада.
Сарқылмай жеткен біздерге
Сарқыты – тіл мен діл ғана!
Бөгенбай қанын төккен жұрт,
Қабанбай нардай шөккен жұрт.
Сарғана белден аса алмай
Абылай қайғы шеккен жұрт.
Хан Кене аруақ шақырып,
Қамалын бұзып кеткен жұрт.
Қажымұқан қарсы келгеннің
Қабырғаларын сөккен жұрт.
Иманды болмай қайтеді,
Иманжүсіптер өткен жұрт?
Қойнына салып құранын,
Мойнына тағып тұмарын,
Астана жұртын айналған,
Аталар айтып ұранын.
Қараөткел жақтан естимін,
Ғазиздің салған бір әнін.
Жесірлер көзін жұмған жер,
«Алжирдің» қарғап «жұмағын».
Сәкеннің сұлу аққуы
Сыңсиды іздеп сыңарын.
Аңсайды бүкіл ақындар
Мағжанның киген мұрағын.
Арқаның белін армандап,
Күйгенжар төсін қормалдап,
Қорғалжынға қонған қасқалдақ,
Сарыарқаға өскен сарғалдақ.
Қоянды қайта оянды,
Атбасарға да қонған бақ.
Сусамыр көзді сусатар,
Сусыған ойды жусатар,
Саудагер заман келгенде
Самарқаннан әкеп су сатар.
Тарыққанда халық зарығып,
Кезігіп кезең мұнша тар,
Ұйытқыған ойды ұйытып,
Басталып керуен, бір сапар,
Бейіштен ескен самалдай,
Алтыннан соққан қамалдай,
Ғажайып, ғазиз жамалдай,
Арқаның арда төсіне
Аспаннан түсті бұл шаһар!