31.08.2022
134
Заңғар мен зеңгір
Құм қосылып тау болған,
Құл қосылып жау болған.
Ту-талақай, тараждан
Тулақ жұртым сау қалған.
Заңғар таулы Зайсаным,
Заңғарыңды аңсадым.
Зарлы көлге құйылған,
Запырандай қанша мұң.
Тарбағатай тас қорған,
Төңкеріліп тасталған.
Таудай менің талабым,
Таңда туып кеш қалған.
Кімді жалмап, кімді алған,
Кісі жегіш сұм жалған?
Ертіс бойы – ерен құм,
Жігерім бе құм болған!?
Күлкі азайды миықтан,
Ұйқы азайды сиықтан.
Жүрек көкке ұлыды,
Жүгі жаншып иықтан.
Зеңгір көлді Зайсаным,
Заңғар шыңды жайсаңым.
Өшпесін деп мен жүрмін,
Өзің жаққан ой шамын.
Сен жетерсің өлмеске,
Мен кетермін келмеске,
Көз ұшымен қоштасып,
Кірпік қағар сол кеште...