31.08.2022
  103


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Күн, ай, жылдар, ғасырлар

Күндер, күндер, күндер-ай зымырауық!
Түс ауғанша кетеді ғұмыр ауып...
Құлағыма жетеді қабаттасып,
Тақымдаған таңдардың дүбірі анық.
Арман деген алыста маңырайды,
Ақсақ қойдың жасындай құны қалып.
Аузы күйген ғашықтай абдыраймын,
Сүймейтұғын еріннен сүйіп алып.
Күндер, күндер, күндер-ай зымырауық...
Айлар, айлар, аптыққан айларым-ай,
Бұрқ-сарқ етіп қазандай қайнадым-ай.
Топан суға кеткен бе тоғытылып,
Мамыражай шақтарым қайда, Құдай?
Опасы жоқ өмір ме – ойдағы жай,
Тобасы жоқ көңіл ме тойдағыдай,
Бәрі, бәрі, сейіліп ақ сағымдай,
Қолын бұлғап қалып-ақ қойғаны ма-ай?
Айлар, айлар, аптыққан айларым-ай...
Жылдар, жылдар, жылдар-ай жамырасқан,
Жылжи-жылжи білінбей қадірі асқан.
Қабын ашып, жылдарды саулатты ма,
Қарс түйген қабағын тәңір-аспан?
Өмір мынау – өртеніп, өңі қашқан,
Тамыр мынау тарамыс, қаны қашқан.
Сабыр мынау – ілінген сіңіріне
Сынып қалған сабағы адыраспан...
Жылдар, жылдар, жылдар-ай жамырасқан!..
Ғасыр, ғасыр, ғаламат ғасырларым,
Жайратуда жарқылдап жасындарың.
Алдарыңда сонда да бас ұрмадым,
Ашынғаным, қайнаған, тасынғаным,
Өзегімді өртеген өкінішті,
Өздеріңнен өйткені жасырмадым.
Бағып-қағар бәрібір сендер емес
Қазан ұрған ғұмырдың жасыл бағын...
Ғасыр, ғасыр, ғаламат ғасырларым!





Пікір жазу