31.08.2022
  84


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Қысқытұрым

Орай да борай қар жауып,
Орын да қалмай тебiнге.
Орамал салған оймауыт,
Оранды дала кебiнге.
Толассыз басса қар егер,
Тобасыз көмер, бiлемiн.
Өлдi де қалды Қара жер,
Өң-түссiз, ұстап жүрегiн.
Жұрты жоқ қара жамылған,
Жоқтауға әлде жоқ шама?
Қайысар емес қабырғаң,
Қара жер өлiп жатса да.
Аруланбастан сүйемi,
Ақзуы желмен ашылып.
Ақ сөңке болып сүйегi,
Ағарып жатыр шашылып.
Асыр сап бүкiл аң мен құс
Аунап жүр қунап сонарда...
Апырмау, өмiр – көрген түс,
Аяғы саят болар ма?
Жоқтаусыз дағы жерлеусiз,
Жаназасыз да тергеусiз,
Беу, неткен жаман өлiм бұл
Қайғырған пенде көрмейсiз...
Құдайым басқа салмасын,
Өзге өлiмменен өлгейсiз!..





Пікір жазу