31.08.2022
  55


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Тiстену

Тiстенемiн!
Кейде мен тiстенемiн,
Салып ұрып бiлемiн қыс келерiн.
Азабынан әлемдi құтқара алмай,
Қарсы қояр ажалға түк таба алмай,
Тiстенемiн.
Бiлемiн күш керегiн.
Ғалам – ұлы,
Жер – алып,
Кiшкенемiн.
Мен, бiрақ үлкен-үлкен түс көремiн.
Тiстенемiн қол жетпей жұлдыздарға
Бiреуiнен солардың түскен едiм.
Қайырылып қайта ұшып құс келгенде,
Тақытынан түсуге қыс көнгенде,
Былтырғы өскен шiлiктер өнбей қалды,
Амал-шараң қайсы ендi тiстенбеуге?
Тiстенесiң,
Тiстенiп, ашынасың,
Түк келмейдi қолыңнан, шашыласың.
Арықтықты қампайып, жасырасың.
Бұл уақытқа айлаң жоқ,
Амалсыздан
Бас ұрғың келмесе де бас ұрасың.
Сен отырар ақ кеме жүзiп кеткен,
Қай толқынның жалына асыласың?
Күресiп-ақ, тiресiп күштiлермен,
Көктем де, әне, қаһарлы қысты жеңген.
Жыртқыш емес адам боп жаралған соң,
Тiстенiп өлу үшiн тiстi берген!





Пікір жазу