Қазалыда
Қаз-қаз тұрған көктемді баласынып,
Қазалыда әлі жүр қарасуық,
Қонағуар құмарын тарқата алмай
Құшақтайды құйыны аласұрып.
Қалпағыңды жұлып ап, ала қашар,
Қара желдің кеткендей қабы ашылып.
Жусаны мен жантағы жаңа шығып,
Бұлтты аспанға қарайды дала сұлық.
Қонақүйге қолыңнан жетелейді,
Қарсы алдыңнан қонақжай қала шығып.
Гүл аңсаған өлкеге «Гүлдер» келді,
Алатау мен Алтайдан ән асырып!
Қалың гүлдің ішінде бір тобылғы,
Ақын жетті алдыңа жолы ашылып.
Ақ сөзінде алғаусыз жоқ асылық,
Көкірегін кернесе тамаша үміт.
Әйтеке мен Жанқожа, Жалаңтөстің,
Жұрағатқа қалдырған жобасын ұқ.
Сыр-ананың ежелден жағасы құт,
Қазағының қалмаған тобасы ұмыт.
Сүлейлердің жыр толы бау-бағына
Шаншысам деп келіп ем жаңа шыбық.
Айтқаныңды жатқанда Алаш ұғып,
Қарасуық деген не, қарасуық?!
Күннен ыстық жүрегін жайып салып,
Күтіп тұрса алдыңда ел асығып!
Қазыналы Қазалым, армысыңдар,
Кеудесінен жататын кен ашылып!
Алдыңда тұр Алаштың жүйріктері
Алып келген алыстан таң асырып!
Шапалақпен қолдаңдар таласа ұрып,
Сүрінбесін, тайғанап, таға сынып!