meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  31.08.2022
  95


Автор: Ұлықбек Есдәулет

НӘЛЕТ

Қолың сынғыр қол мерген,
Көзiң шыққыр көз мерген,
Қарға жүндi қаттасын,
Үйрек жүндi оттасын,
Қырып-жойып атқасың,
Сiрә, саған жүрек емес без берген!
Қорғаймын деп сөз берген,
Қорғаушылар қорлаушыға өзгерген,
Құралған ба бұл дүниенiң дiңгегi
Құрып кеткiр сатқындар мен ездерден?!.
Шибөрiлер шүрiппе басып жынданған,
Шынтағынан шылқа қанға былғанған,
Шындық таппай шырқырады бұл жалған,
Шаш ал десе бас алатын сұмдардан.
Дырау, дойыр, дулығалы қазанбас,
Дүмдi сойыл өз сабынан оза алмас,
Дүре салған дөкет қолдар, дәс қара,
Жарамайтын жан алудан басқаға,
Жусын қанша, ендiгәрi, масқара,
Жөкемен де, қырғышпен де тазармас!
Мен сендермен болғым келмес базарлас,
Ақыретте қонғым келмес мазарлас...
Түнде сенiң тұсыңа кеп, көз алмас,
Өз қолыңнан қаза құшқан бозаң жас...
Құдайдан күт! Жазасы оның – сотқа есеп,
Сенiң қанды қолыңменен от көсеп,
Тасаланған тасырдың да өзi оңбас!





Пікір жазу