31.08.2022
  52


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Аққан қан...

Аққан қан...
Аласұрдық жан шыдамай...
Аңкөс қол аңша қырды қалтырамай!
Айуандық –
Адамдықтың арғы бетi,
Арасын ашып берген марқұм Абай.
Арандап Ай мен Күннiң аманында
Алаштың арда сөнген шамшырағы-ай.
Сақсыры қанға толып сұрапылда,
Сарқылдап қайнап тұрған халқым Адай!
Сап дейiн, ашуыңды ақылға жық,
Саф алтын сабырыңды сарқымағай.
Санасыз саудайыға билiк берсең
Сандалып өз жаранын жау қылама-ай?
Сапырып салындыны сыпыратын
Сел-тасқын басыла ма сарқырамай?
Құдай мен мұнайымның арасына
Құмайды қыстырса әкеп парқы қалай?
Бет алдын баға алмаған басыр билiк,
Болса едi ашуының артына абай.
...Болсаң бол, болмасаң да, бордай тозбай,
Бүтiн бер берерiңдi жартыламай.
Қалың ел қанға бөгiп жатқан шақта
Қайран жыр қалар қалай хал сұрамай!?.





Пікір жазу