31.08.2022
  212


Автор: Ербол Бейілхан

Әке

Көш жолы
Жыла жүрек!.. қайтемін сізді уатып,
Сурет жазды сарғайтты күз құлатып.
Тағдыр желі соқты да жапырақтай,
Шашып-шашып жіберді бізді уақыт.
Қиыр шыңға – бұраңбел жол асылып,
Күн қуалап барады, Ай асығып...
Көк аспаннан қап-қара бұлт төнгенде,
Қарашада қалтырар бала шыбық.
Бала шыбық – біз едік, дауыл көрген,
Майыспауға Тәңірім, сабыр берген!
Бимұраттан қалған бұл тұяқтар деп,
Жетімшілік көрмедік қауымды елден.
Біреуге жат, тірлігі қойлы ауылдың,
Қой бақпаған балаға ой бағу мұң!
Елесі бар санамда әкем жайлы,
Әңгіме айтып берейін, кел, бауырым!..
Сол бір жылы келіпті көктем күліп,
Көк аспаннан үкілі ескенде үміт.
Маусым туа... жүк тиеп атандарға,
Есіл әкем, кетіпті көшпен жүріп...
Көш түзепті қазақтың ғұрпыменен,
Жаз жайлауда күтіпті жұртың – ермен.
Ер үстінде бесікте бала тербеп,
Құлаш шашын, анамыз мың күн өрген.
Көріскенде қос аққу айдынымен,
Сыйлық тарту етіпті – тау гүлімен.
Ердің алды сәбиді шаршатқанда,
Түйе қомы тербепті әлдиіменен.
Сарсірігі жеткенде теріскейдің,
Аққу-қазы келіпті тегіс көлдің.
Жонға жалғыз қашыпты арқар құсап,
Көшін бастап ауылдың өрістей мың...
Бүр ашқанда жусаны күңгей беттің,
Еңлікгүл, жайқалып гүлдей кеттің!
Бәбісек – алтын айдар сұлу құсым,
Сол жылы мені неге сүймей кеттің!?..
Жұлдыз – мұңдас, құз – қиял айда қалған,
Қол бұлғап шақырыпты арманы алдан.
«Көш көлікті болсын, деп!» – сылаң қағып,
Жеңгелері шығыпты айран алған.
Жайлауда жұрт емес ек, әнін үзген,
Таң арайлап ататын таңымызбен...
Әкеміз ат үстінен жеңгесіне,
«Соңғы рет таттым депті дәміңізден!..»
Жол бастапты тор атын жорғалатып,
Анам байғұс, шошыпты ойға батып...
Балалық аңғалдықпен мен ойлаппын,
Шіркін, өлең жазса деп Айда жатып...
Жорғаның шалғын шалып көбесінен,
Мойнақтың құр ұшыпты белесінен.
Тораңбел тобылғылар гүлдегенде,
Сарыала қаз ұшыпты төбесінен.
Сар(ы) көлден қаз ұшқанда мамырлатып,
Уақытпен ойнапты сағым жатып...
Межелі мекеніне көш жетіпті,
Бесінде түйелерін дамылдатып...
Көтеріп, шаңырағын бақанымен,
Керіпті керегесін жасауымен.
Гүл басқан көк жасанға көрік болып,
Он атан, тең түсіпті, отау үйден!
Ақсайдың қонақ етіп дегелегін,
Қуыпты қарындасым көбелегін.
Ақсайға ақшағала үй тіккенде,
Ақжаңбыр неге сонша себеледің?
Сырты – аппақ, ою-өрнек іші гүлден,
Киіз үй...түскиізін тұсына ілген.
Жалғыз үй көк жайлауға сән беріпті,
Секемсіз көкке ұшқан түтінімен...
Жайлауда
Ай есінеп, жұлдыз көлге тамшылар,
Үркек мезгіл, қос құлағын қайшылар.
Үркер ауып, таң шолпаны батқанда,
Кербез келін, шұғылалы таң шығар.
Күлімкөз таң – көк көйлекті кербезім,
Асқар шыңдар жасырады күн көзін.
Бозбеткейдің бозторғайы шырылдап,
Оятушы ең, жасыл белді таңда өзің.
Ерке гүлдер оянғанда жамырап,
Қызыл торғын, оранады таңым ақ.
Пысқырынып қой өргенде қотаннан,
Күңгейтаста құлжа тұрар маңырап.
Шаңбақкөлдің талғап ішіп бұлағын,
Ортасайдың шуылдатып ұларын.
Көк жайлаудың қызығына елітіп,
Тәуешкі тұр, тасқа ойнатып лағын.
Сауын қодас...өзен бойлап қорсылдап,
Бесбоғдадан кеткен емес қар сыздап!
Улы сайда ақырып ед, қарт аю,
Бұғы үрікті қос мүйізі жарқылдап...
Үйір арқар мекен етіп биігін,
Табиғаттың әр тасынан күй ұғын.
Жирен айғыр керқұнанды сауырлап,
Қайта-қайта иіреді үйірін...
Жалы күлте, құйылғанда күрең күн,
Жер – Анаға төгіледі рең мың!
Қыр мен белдің қызғалдағы құлпырып,
Текемет пен түріне ұқсар кілемнің.
Жазғы жайлау – арман қандай, ән қандай,
Жібек таңы керіледі – аймаңдай!
Сегіз қанат түндік түрді ақбоз үй,
Шүкір тілеп, көңіліне қайғы алмай...
...«Тұйғын» атты қыранына жем беріп,
Әкем сол таң, жүріпті ұзақ сенделіп...
Қоңырлатып бір әуендер тартыпты,
Шай үстінде ұзақ оймен, үйге еніп...
Содан кейін қолына алып шақшасын,
Аралапты терең ойдың бақшасын...
Бөлтірікті қасқыр маза бермес деп,
Тоғызкөлге бұрған екен ат басын.
Атқа қонып, мойынға асып мылтығын,
Бала жастан алмайды екен бір тыным!..
Қоңыр белдің қойжуасын жеп өсіп,
Бал арадай ұққан екен гүл сырын.
Шыңға шығып дүрбі сапты қырандай,
Қыр қазағы: болжам анық, қиял бай.
Көз жетпейтін Тоғызкөлдің шатында,
Қасқырлар жүр апанына сия алмай...
Түз тағысы асырмайды айла түк,
Көкжал арлан, тың-тыңдайды
жай жатып...
Қаншық қасқыр мейіріммен баулиды,
Өсіп қалған бөлтірігін ойнатып.
«Қап, бәлем!» деп киіп әкем мұйығын,
Бес күшіктің еске алыпты қылығын.
Ертең елге бұлар дамыл бермес деп,
Жетеуінің құртпақ бопты ғұмырын...
Қашан-дағы ауыспалы бақ-талап,
Желсіз жақтан жақындапты баспалап!
Көкжалына бес жүз метр қалғанда,
Шүріппені басқан екен қасқалап...
Жалғыз-ақ оқ, гуілдепті көк керіп,
Ақсұр қаншық зу етіпті от көріп.
Көкжалының сыпырып ап, терісін,
Бес күшікті тірі әкепті бөктеріп...
Әке өлімі
Маусым түні. Қалғиды үкі қияда,
Күп-күрең боп, қан жүгірер қынаға.
Емшек іздеп бір-біріне тығылып,
Бес бөлтірік қыңсылайды ұрада...
Бөлтіріктер – ертең көкжал бөрілер,
Айласы алпыс, бөрілердің төзімі өр!
Үйірінде өлтіретін әлсізін,
Бөрі ғұмыр, бізге қызық көрінер...
Бай Ақсайдың қия беті – Жалбызды,
Ала жаздай мекен етер қар құзды.
Қаншық қасқыр қайта-қайта ұлиды,
Жартастағы серік етіп байғызды...
Жаңғырады-жаңғырады түн үнге,
Суыр, қарсақ қашып кірген бәрі інге.
Зарын айтып шақырады сұр қаншық,
Тұқымдасын қасқырлардың тілінде.
Бөлтіріксіз – ана қасқыр қиналды,
Кек алуға төртеу болып жиналды.
Көк жайлауда шабуылдап жылқыға,
Бастап кетті «өшпенділік думанды».
Сұр қаншықтың – адам құртты арманын,
Оққа ұшырды «көкжал» серік ардағын.
Саяқ жүрген жабағыны талады,
Жирен айғыр жегізбеді қалғанын...
Тағылық-ай, жүрегінде кек кетті,
Бөлтіріктер...көріскенше деп кетті.
Таңға жақын бозылдатып інгенді,
Айдай ару ақ ботасын жеп кетті...
...Анам сол күн, көлге барды таң алды,
Таң келді деп, бозторғайлар ән алды.
Сыңарынан айырылып қалма деп,
Қос аққулар қайта-қайта таранды!?
Әкем көріп, сайда жүрген құзғынды,
Атын ерттеп, қолына алды тізгінді.
Жайрап жатқан ақ ботаны көргенде,
Жаз көңілін жабырқатып күз қылды...
Өзен бойы өрлей біткен гүл еді,
Гүл нәрімен көбелектер түледі...
Тор жорғасы, жол жорғаға салғанмен,
Неге бүгін ауырып тұр жүрегі?..
Жас еді ол – көңілінде көктем бар,
Әлі талай тартылады көкпарлар...
Неге суық деп ойлады сол күні,
Тауешкі мен арқар жайлар асқарлар...
Уақыт бұл, иірер деп ұршығын,
Ғұмыр болса түзерміз деп қисығын...
Саулықтардан қозы бөліп алды да,
Босағаға сүйей салды мылтығын...
Бүгін мұңлы сары көлде қаз үні,
Ақ інгеннің ащы шықты боз үні...
Қой қырқымы, қосақ-қосақ сауын бар,
Сол үшін де бөліп алды қозыны.
Төл даусымен шуылдатып боз ішін,
Теріскейге айдаттырды қозысын.
Сұр қаншықтың кек аларын білді де,
Тоғыз көлге салып қойды көз ұшын...
Ертең бірақ, мына сайға ел келер,
Бәйге ат байлап, көк серкені өңгерер.
Желі-желі шұрқырасып құлын-тай,
Жаз қызығы жылдағыдай дөңгелер...
Біздің елдің асау мінер ұланы,
Той көбейіп, қалықтайды қыр әні.
Аңшылардың ермегіне айналар,
Қасқыр, аю, жирені мен бұланы.
Дегенінше, ашық аспан түнерді,
Қою-қою бұлттар келді құз өңді.
Қара аспан найзағайын ойнатып,
Нөсер желмен салып берді түленді...
Жас төлдердің есі шықты маңырап,
Қозышы ұл қалған сәтте аңырап...
Шабуылға көшті кекшіл сұр қаншық,
Қастарына жолдас еткен тағыны ап...
Ашулы да, айлалы екен, жүректі,
Иірілген атар қозы дүр етті.
Қапияда шықпай қалып дауысы,
Тай үстінде бала шопан дір етті!
Бөрілердің қанға толып от көзі,
Кекті қаншық жайпап салды көпті өзі.
Үріккен бойы жан сауғалап қабақтан,
Сары көлге секіреді топ қозы...
Бала шопан, кейін салды айғай-ды,
Тыста жүрген естіді әкем ойбай-ды!
Босағадан мылтық алып қолына,
Торжорғаға мініп, құстай заулайды.
Адам көрген кекті қасқыр қашады,
Үрей буған қозы сайға босады.
Қашқан қаншық жеткен кезде қыратқа,
Көздеп әкем, шүріппені басады.
Он жасынан мылтық атқан мерген-ді,
Кекті қасқыр, оқ тиді де өлген-ді.
Сары көлдің беті толған қозылар,
Құтқармақ боп торжорғамен көлге енді.
Терең көлде қозылар жүр қалықтай,
Торжорға ат жүзіп барад(ы) балықтай!
Қанша төлді аман алып шықты әкем,
Қайта-қайта көлге түсіп жалықпай...
Шүберекке түйіп анам жүрегін,
Жаратқанға жолдап жатыр тілегін!
«Енді қайта түспе деді сол көлге,
Ортасында қазандық бар білемін!?»
«Қорық па» – депті, қайсар әкем паң күліп,
«Қорық па»- депті, таудың іші жаңғырып...
Сары көлдің қимады ма айдыны,
Бұл жолы әкем қайтпай қапты мәңгілік!
Эпилог
...Жыла жүрек!.. қайтемін сізді уатып,
Сурет жазды сарғайтты күз құлатып.
Тағдыр желі соқты да жапырақтай,
Шашып-шашып жіберді бізді уақыт.
Күзгі дауыл, жыладық елемеген,
Әке күттік...келмеді кемелерден...
Желге ұшқан қауызсыз дән секілді,
Сенен үміт күтпеді, менен өлең!
Әке! Әке! Біздерді өсірді арман,
Ақсай қайда? Сен қайда? Көшін барған?
Саған деген сезіммен әлі жалғыз,
Жиырма бесте анамыз жесір қалған.
Шүкір! Тәуба! Мал, басты жетегіміз,
Ақсай емес, Астана мекеніміз.
Сағынышпен жолдаймыз «Құлһуалла»
Жұмақ болсын, мәңгілік мекеніңіз!!!





Пікір жазу