31.08.2022
  125


Автор: Ербол Бейілхан

Түйеқоңыз. Түйеқұс. Түйе жантақ.

Түйеқоңыз. Түйеқұс. Түйе жантақ.
Үш мағына, үш ұғым жүйеге алшақ.
Ақыл тістен нұр емес, жын аңқиды,
Ойсыз баспен ақсиып күле қалсақ.
Түйеқоңыз мекені қи түбінде,
Қи түбінде немесе ши түбінде.
Томағасын сыпырса қалықтайтын,
Бір өлеңім бар менің ми түбінде.
Қанаты бар ұшпайды түйеқұстар,
Желген түйе жете алмас аяғы ыспар.
Әділетсіз қоғаммен ой мүжіген,
Шын ақынның өлер де жүрегі ұстар?!
Шөл даланы мекендер Түйе жантақ,
Тікені бар гүлдерін сүйе қалсақ?!..
Мекіреніп, мейірлі сөз айтамыз,
Көз мейірсіз, рухтан жүрек алшақ.
Үш тіршілік, үш ағза үйлеспейді,
Ит тірлігін берген соң кім кешпейді...
Жорға ой мініп келіп ем дарияға,
Бала шопан артыма мінгеспейді ?!..





Пікір жазу