31.08.2022
  100


Автор: Ербол Бейілхан

ИЛЬДІҢ БОЙЫН ЖАҒАЛАП...

Германия – Франция арасын,
Бөлесіңде Рейне өзен ағасын.
Немістер мен француздың қабағын,
Сыр білдірмей бағасың.
Көрдім міне, француздың қаласын,
Жалт-жұлт етіп, көздің жауын аласың.
Сұңғақ бойлы француздың «мадамы»,
Аяғыңды әзер басып барасың.
Ильдің бойы саяхатшы қаптаған,
Страсбург, қалам едің баспаған.
Тарихыңды білу үшін тамырлы,
Кеме мініп, Иль бойымен аттанам.
Анау үйлер, кароль салған сарайы,
Гүл жиектеп, бауға оранған маңайы.
Сумка асынып, сауда сатқан негрдің,
Неге-неге, мұңға толы жанары?
Қоңырауы соғылады шіркеудің,
(Бісміллаһ, шіркеу көрсем үркермін.)
Саяхаттап келген шығар көп қазақ,
Ең бірінші ақын мен боп тіркелдім.
Моцарт сазы, ауада тұр тербеліп,
Грек отыр, кофе сатып сенделіп.
Бабам сенің мақалыңнан айналдым,
«Атын барда, жүр деген ең ел көріп.»
Страсбург. Көрдім көркем кешіңді,
Европа, кере берме төсіңді.
Кеме мініп, Ильдің бойын жағалап,
Ойлап тұрмын, ерке өзен Есілді.





Пікір жазу