31.08.2022
  97


Автор: Ербол Бейілхан

ҚАР ЖАУЫП ТҰР

Не деген керемет күн, қар жауып тұр,
Ақ мамық шұғылаға айналып қыр.
Баяғы балалықты еске алып,
Кел, қалқам, қар атысып ойналық бір.
Мойныңа ақ сезімдей қар тығайын,
Қар тыққан боп, байқамай қол тығайын.
Түлкідей сен айлаңды асырғанмен,
Олжамды олжалаймын аңшыдайын.
Көбік қар, құшақтасып көмілейік,
Мұңнан бір қар атысып сейілейік.
Қан айналып, жүректер дүрсіл қағып,
Бал-бұл жанып, сезімге берілейік.
Санамды, салмақты ойлар жүр асынып,
Көзіңе сенде жүрсің, мұң жасырып.
Ақ ұлпа қар атысып ойнаған боп,
Мәңгілік әкетейін қыр асырып...





Пікір жазу