31.08.2022
  103


Автор: Ербол Бейілхан

КҮЗ КӨҢІЛ

Тамыз тозып, естіледі күз үні,
Жоннан үрікті, жаз жайлаудың қызығы.
Тозған сайын әжем жамап қоятын,
Көңілде бір киіз үйдің үзігі.
Пұшпақ киіп, үкі тақтым үмітке,
Маған сенсең, бой алдырма күдікке!?
Кеше кеткен уақытты қуамын,
Мініп алып, өлең атты – Күлікке!
Боз даланың өңі қашып, шаң басты,
Заман ұлып, боталы інген боздасты.
Тырналардың соңындағы қобыз мұң,
Домбыраның шанағына алмасты.
Күн мейірлі. Қара тастан май ақты,
Бейпіл сөзден қауырсын мұң, қанатты.
Оқ маздатқан сақ пен ғұнның ізімін,
Қаламұшпен атып алдым манатты...
Таудан жиі көретінмін мүсінді,
(Садағы бар бейне адам пішінді.)
Етегі жоқ заманға айтып не қылам,
Түлкі аңның боғы сынды түсімді.
...Алтын күздің көзі тиіп, жаз өлді,
Қамыс толқып, қияқ көкке саз өрді.
Көшкен ауыл жұртын сипап қалғандай,
Жамау көңіл, сағыныштан наз емді...
Тамыз тозып, естіледі күз үні,
Жоннан үрікті, жаз жайлаудың қызығы.
Тозған сайын әжем жамап қоятын,
Көңілде бір киіз үйдің үзігі...





Пікір жазу