31.08.2022
  100


Автор: Ербол Бейілхан

ҰРШЫҚ –ДҮНИЕ...

Сауын малдың сүтіндей ақты уақыт,
Ұршық –дүние тізесінде әжемнің.
Періштелер биіктен бақ құлатып,
Кінәсында жазып жатыр әлемнің.
Мейірімді, жанарындай анамның,
Бір шұғыла сауылдайды, Ай жақтан.
Пенделерін алдандырып ғаламның,
Бақ пен қайғы жарысады алмасқан.
Жеңге – өмір, айран беріп аяқпен,
Жезде – күндер арманымды ұрлаған.
Баба – ғұмыр , жол сілтейді таяқпен,
Балаң – сезім , ойынын жүр қимаған.
...Дүние – базар... Мезгіл – бояу, түрленген,
Жапырақты жел жұлады парақтап...
Ажал – мерген ұрламақ боп күндерден,
Бұталарға бұғып отыр қонақтап...
Арман аты – жалт береді осқырып,
Гүл ғұмырдың жасқа толы жанары.
Ойландырып, «ойдың бұлтын сөктіріп»,
Ойын – өмір, дөңгеленіп барады...





Пікір жазу