31.08.2022
  96


Автор: Ербол Бейілхан

КҮН ӨЛЕДІ... ҚЫЗЫЛ БОЯУ ЖАҒЫП АП...

Таң бозарды жұлдыз үркіп, Ай сіңген,
Күн шапағы еркелейді тау сүйген.
Боз даланы бозторғай құс оятып,
Марқа – көңіл маңырайды Ой сіңген.
Шұғыла есті, шығыс жақтан дүр етіп,
Көлеңке өлді... күннің өткір нұры өтіп.
Қараңғының шаранасын сыпырып,
Бір күн туды сәбидейін шыр етіп.
Жер емініп, аймалайды құндағын,
Бұлақ күлді, сылдырындай сырғаның.
Сәби күнді сәттер сайын есейтіп,
Алыстайды тырау үні тырнаның...
Жарық осы – Жаратқаннан сұраған,
Таңсәріден несібелер құлаған.
Өткен күнге қуанамыз біз неге,
Бұрыңғылар бір күн өтсе жылаған.
Құбылаға Күн еңкейді құлдилап,
Күрең күнді шақырамын құр-құрлап!
Арманды ұрлап, асығады –Уақыт,
Дәрменім жоқ, қоймақ едім,
шынжырлап.
Арқар – қиял, құзда қалды аңырап,
Күн өледі... қызыл бояу жағып ап.
Өлген күннің жоқтаушысы –Тіршілік,
Құбылаға бара жатыр жамырап...





Пікір жазу