31.08.2022
  138


Автор: Ербол Бейілхан

МЕҢДІ ҚЫЗ

Өң мен түстен шықпай қойдың,
Меңді қыз,
«Жолықпайық, сағынбайық, енді Біз!..»
Қайтқан қаздың қанатынан хат оқып,
Мұң кешпесін күрең торғын – өңді Күз!
Екеуміз де – ой қамаған шерліміз,
Екеуміз де – сөз ұғатын сорлымыз...
Енді көрсек ыстық құшақ айқаспай,
Бейтаныстай жыбырласын ерніміз.
Мен дегенде желбіремей кекілін,
Күзет қалқам, адалдықтың есігін!
Бұраң жолда мың қатемді кешіріп,
«Жаным сол», – деп жасай салма кешірім!..
Қойшы солай! Жүрегіңді тыңдамай,
Маған түнде гүл сезімін бұлдады Ай...
Қоштасу деп өлең жазып отырып,
Меңді қызды, сағынамын бұл қалай?..





Пікір жазу