КҮЗГІ ӨЛЕҢ
Қыркүйек жеп отыз бір жас тамызды,
(Сөзге келмей тамыз бірден жан үзді..)
Өткен ай, жыл...сарғайған хат сағыныш,
Көшкен күннен - күткен күндер маңызды!
...Маған көктен сәуле шашып тұратын,
Аспанымда бір Айым бар жаны ізгі!
Қош бол, тамыз! Бәрі-бәрі есімде,
Астанада, сенің барқыт кешінде,
Қанатынан Өлең – сезім сауылдап,
Бір ерке құс қонған еді, Есілге!
Су бетіне қауырсынмен жаздым хат,
Бақ құсы деп: «Бақыт» болған есімге!..
Күздің түні! Найзағайлы, жасынды,
Жарқ-жұрқ еткен от шашулар шашылды.
Сен сыр айттың маған сүйеп басыңды,
Керіп қойып қос қарлығаш қасыңды,
Мұңға толы жанарыңды аймалап,
Иіскеп тұрдым күзбен өңдес шашыңды!
Күндер – бақыт, түндер – сырлы, Сырғалы,
Сағым – уақыт сені қайта ұрлады...
Бір кеудеде екі жүрек қол бұлғап,
Шығарып сап тұрам көкте тырнаны...
Сағындың ба, дегендейін көз қысып,
Күн батады күп-күрең боп қырдағы!..