31.08.2022
73
СҰЛБАСЫЗ ЖОЛ...
Сұлбасы жоқ жолымнан өтпе, қарғам,
Өте алмассың малтығып оппа қардан.
Саналының барлығы жетім көңіл,
Қол жеткізбей барады көктегі арман.
Бұлт қонады қыранның қанатына,
Ұшқыр сезім кетті ме аласұра,
Төзім деген тұяғы арғымақтың,
Таға қағып кетемін тағатына.
Көз саламын ескі жұрт сүрлеуіне,
Шер толқытып, көңілді күй керуде.
Сен кінәлі емес ең сүйгеніңе,
Қысқа ғұмыр келмей тұр күрмеуіме!?
Шаңырақ тұр уықтың қаламында,
Желбау көңіл желпілдеп таралуда.
Сағынысып күнменен көрісетін,
Күлдіреуіш күліп тұр қарадың ба?!
Керегем тұр байланып көгеніме,
Ырысым бар сиятын көнегіме.
Сұлбасы жоқ жолымнан күтпе қарғам,
Өмір заңы көнбейді дегеніңе...