31.08.2022
  219


Автор: Ербол Бейілхан

Жетім – жан, жетім – жүрек!

Жетім – жан, жетім – жүрек!
күрсін кеудем,
Көздерім ауырады мұң сіңгеннен.
Жалғыз-ақ, Жаратушы өзгермейді,
Ағызып көздің жасын құл сүйгеннен.
Жаратқан, Сізді сүйдім! Қызды сүйдім –
қырандай көкті сүйдім, құзды сүйдім!
Жалғыз ұлын жоқтаған жетім кемпір –
жапырақ жауып жатқан күзді сүйдім!
Ауыр бұл, іштен тынып егілгенім,
Ақылым сеуіп жатыр сезімге емін.
Сен менің – жүрегіме қонып алдың,
Мен сенің – жасқа толы көзіңдемін.
Не пайда, жылы сөзбен жұбатқаннан,
Арманым ат байлатпай жырақ қалған?
Бозторғай жалқы жаным шырылдайды,
Іздеймін көктен, жерден, бұлақтардан...
...Мендегі өмір басқа, басқа ғалам,
Бұл күнде жолаушымын бақ қараған.
Кей сәтте жібін үзіп тағдырымның,
Қашып кеткім келеді Астанадан?





Пікір жазу