31.08.2022
77
АҚ ҚАЙЫҢ – ҚЫЗ
Мамыр соңы, сен келдің, Мамыражай,
Көл бетіне төгіліп жамырады Ай.
Сарыала қаз сезімім шөлдегенде,
Аралаттың еркіммен бағына жай...
Өңде солай мас болдым жұпарыңа,
Өлең болып төгілдім құшағыңа.
Жаңа туған маусымды жырлау үшін,
Бұлбұл қонды ағаштың бұтағына.
Сая көріп қайыңның жапырағын,
Сен секілді жантайды қасыма мұң.
Түн екеуміз сырласпыз содан бері,
Содан бері түнменен ашынамын.
Қызғанушы ең, ал түннен қызған мені,
Білесің ғой түн емес бұзған мені?!.
Ақ қайың-ау сөйлеші ақтарылып,
Неменеге шақырдың құздан мені?
Сезім бассың дедің бе, өрлігімді,
Аңсадың ба, сағынып мендік үнді.
Меңдеріне ғашықпын Ақ қайың – қыз,
Сен тұрғанда сағынам енді кімді?!.