31.08.2022
  122


Автор: Ербол Бейілхан

ӨКПЕ

Көбелек – гүлге өкпелі,
Гүл – күнге өкпелі,
Періштем пері болып,
Жүректен мұң кетпеді.
Жаңбырға жер өкпелі,
Орманға жел өкпелі,
Өмірде зарықтырған,
Тағдырға біз өкпелі...
Көктемге мұз өкпелі,
Қарғаға құз өкпелі,
Сертінде тұрмады деп,
Жігітке қыз өкпелі.
Айдынға қаз өкпелі,
Аққуға саз өкпелі.
Бақшасын сарғайтатын,
Ал күзге, жаз өкпелі.
Жастыққа шал өкпелі,
Наданға дана өкпелі.
Патшаға қара өкпелі,
Халыққа хан өкпелі...
Иеге – ит өкпелі,
Сабынға бит өкпелі.
Мезгілсіз тартылдың деп,
Теңізге кит өкпелі...
Есекке ат өкпелі,
Алтынға тас өкпелі.
Досына дос өкпелі,
Бауырға жат өкпелі...
...Сен мені – нарға бала,
Болмасың арман ада!
Жалғанда не болмайды,
Өкпесіз – Алла ғана!





Пікір жазу